Эссе және өлең-жыр байқауы

Қарағандыда IT-week.kz Халықаралық форумы қорытындыланды

«IT-week.kz» форумында қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеу үшін құрылған мобильді қосымша үздік деп танылды.

Қатысушылар екі күн ішінде қала тұрғындарының өмірі мен мемлекеттік органдардың жұмысын жақсартуға мүмкіндік беретін мобильдік қосымшалар мен бағдарламалар әзірледі. Бүгін қазылар алқасы жеңімпаздардың есімдерін атады.

Форум 24 қыркүйекте басталды. Бағдарламаға отандық және шетелдік IT-компаниялар өкілдерінің шеберлік сабақтары, бос орындар жәрмеңкесі және сандық технологиялар көрмесі кірді. Шараның басты оқиғасы 48 сағатқа созылған хакатон болды. Оған студенттер мен жас мамандардан құралған 30 команда қатысты.

«Хакатон үш кезеңге бөлінді. Біріншісі – білім беру. Біз оны «Стартап мектебі» деп атадық. Мұнда қатысушылар өз идеяларын ортаға салып, оларды модельдеумен айналысты. Екінші кезең – менторлық. Бізде барлығы 11 ментор болды. Олардың барлығы қатысушыларға көмек көрсеткен кәсіпкерлер. Қорытынды кезең – бұл тікелей даму. Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша жартылай финалға сегіз команда өтті. Олардың ішінен біз үш үздікті таңдадық», - деді «Мост» бизнес-инкубаторының директоры және форумды ұйымдастырушылардың бірі Әлім Хамитов.

500 мың теңге көлеміндегі бас жүлде RoadGuard бағдарламасының прототипін жасаушыларға бұйырды. Бағдарламалық қамтамасыз ету такси және қоғамдық көлік қызметтерін QR-кодтың көмегімен ұялы телефон арқылы төлеуге мүмкіндік береді. Бағдарламада кері байланыс бар. Жас бағдарламашылар 48 сағат ішінде осы автоматтандырылған жүйенің мобильді қосымшасы мен веб-нұсқасын жасап үлгерді.

Екінші орында Clean City қосымшасы болды. Ол пайдаланушыларға қаланы тазалауға жауап беретін ведомствоға рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлердің фотосуреттері мен геолокациясын жіберуге мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама сынақтан өтіп, жұмысқа толық дайын. Оны жасаушылар екінші орын алып, 300 мың теңгенің жүлдесін алды.

Жеңімпаздардың үштігін Garbage Collector жобасы түйіндеді, ол алдыңғы жобалар секілді қаладағы рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді анықтау мақсатында әзірленген. Әзірге бұл толық қосымшаның прототипі ғана, бірақ қазылар алқасына топ мүшелерінің алға қойылған тапсырманы орындау идеясы мен мұқият орындауы ұнады. Авторларға 200 мың теңге сыйлық берілді.

Хакатон барысында қатысушылардың жұмыстарын ірі IT-компаниялардың өкілдері бақылады. «Қазір Қарағандыда үлкен кеңсесі бар америкалық EPAM Systems компаниясы біздің қатысушыларымызға қызығушылық танытты», - деді Әлім Хамитов.

Форумның соңғы күні пленарлық сессиялар өтті. Онда Wooppay компаниясының негізін қалаушы Александр Дорошенко, компанияның аға менеджері, EPAM Systems жобалау кеңсесінің басшысы Вячеслав Василенко, Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы Рустам Байжанов және басқалар сөз сөйледі.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Басқа да жазбалар

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...