Эссе және өлең-жыр байқауы

«Жар-жар» әні жайында

Мендельсонның «Свадебный маршы» секілді бұл күндері қазақтың үйлену тойларының гимніне айналып кеткен «Жар-жар» әні қашан, қалай шықты дейсіздер ғой. Ол былай: «Жар-жар» әні 1959 жылы дүниеге келген. Ол кезде мен Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың соңғы курсында оқып жүрген едім. Алматыда Жамбыл облысының Талас ауданынан әр түрлі жоғары оқу орындарында бірнеше бала оқитынбыз. Солардың ішінде Социалистік Еңбек Ері жылқышы Байқошқар атаның баласы Берден деген жігітіміз Сәбира деген қызға үйленетін болды да, маған «Жар-жар» әнін жаңаша жазу тапсырылды. Мен түнде ойланып отырып, «Жар-жар» әнін жаңаша жаздым да, оны түймелі машинкамен он шақты дана етіп басып, сол кеште 3-4 жігіт қосылып айтып шықтық. Әрине, халық әнін тойда орындауға ыңғайлы етіп өзімше өңдедім. Той соңында ән мәтіні жазылған парақтарды жігіттер қалталарына салып алып кеткен. Содан келесі бір үйлену тойына барғанымда мен жазған «Жар-жар» алдымнан шықты. Мен оған қуанбасам, ренжіген жоқпын. Сөйте-сөйте сол ән студенттер арасында, кейіннен бүкіл елге таралып кетті. Бірақ, оны менің жазғанымды көпшілік біле бермей, халық әні делініп жүрді. Содан кейін мен шақыру билеттерінде, түрлі ән жинақтарында менің авторлығыммен басылып жүргенін көрсетіп, ҚР Әділет министрлігіне хат жазып, авторлық құқығымның қорғалуын өтіндім. Осыған орай ҚР Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы жөніндегі комитеті 2003 жылдың 7 қазанында №10733 Зияткерлік меншік обьектісінің тіркеу КУӘЛІГІН берді.

Байқап отырсаңыз, бүкіл Қазақстан бойынша беташар ретінде үйлену тойлары «Жар-жар» әнінің айтылуымен ашылып, күніне мыңдаған жастар жаңа отбасын құруда.

Ал, «Жар-жар» әнімен үйленген Берден мен Сәбираның алғашқы перзенті Салтанат Байқошқарова 1960 жылдың 1 ақпанында дүниеге келді. Ол қазір Қазақстан Адам репродукциясы қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарның докторы. Алматы қаласында тұрады. Бала көтеруі кешеуілдеген жүздеген әйелдерді жасанды ұрықтандыру арқылы елімізде қазақ санының арта түсуіне елеулі үлес қосып келеді.

«Жар-жар» әнінің осындай сыры бар.

«Жар-жар» әні


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз