Қожа ахмет ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті талапкерлерді оқуға шақырады!

Жазғы демалыс

Салқын самалды Сарыарқаның беломыртқасы десе де Теміртаудың шілдесі миыңды шыжғырып жібере жаздайды. Күн бір ысыса, алып темір шоқылар екі ысып, жұрттың бәрі қала түбіндегі Самарқант көліне көшіп қонғандай болады. Самарқант көлі жанға сая дегенмен, қолынан келгендер, әрине, Қара теңізге, тіпті болмаса Ыстықкөлге қарай жосылады.

Қара теңіздің жәннаты жағалауына жолдама Жоламанға да тиген. Темірболат комбинаты тарландарының бірі, Еңбек Ері деген құрметті атағы бар Жоламан айрықша тізімнен ұдайы орын алып, басшылары жылы-жұмсағын алдымен осы Жоламандардың аузына тосады-ақ. Бірақ биыл Жоламан Қара теңіздің жәннаты жағалауына барғысы келмеді. Туған ауылы күндіз ойынан, түнде түсінен кетпей, тартты да тұрды. Бұл елге бармағалы да қашан... Әйелмен ақылдаспаса тағы болмайды. Содан Айнұрға айтты:

— Ауылға біз бармағалы да он жыл болыпты. Биыл демалысты сонда өткізсек қайтеді?

Айнұрдың әдемі ақсары жүзі сұрланып, жайшылықта күлімдеп тұратын мойыл көздері ақшиыңқырап кетті:

— Тағы бастадың ба гөй-гөйіңді. Бір құдай жетектеп, бір құдай айдасада бармаспын сенің ауылыңа. Жетер! Бір рет барамын деп рақатқа мелдектеп тойғанмын. Әлі күнге дейін кекірігі кетпейді сол тоқтықтың. Әлгі Аязбай қортықтың көрсеткен қорлығы есіме түссе, иманым қаза болады. О несі-ей, жыл бойы осы жалғыз демалысқа жетемін-жетемін деп мойнымызды соза-соза үзіліп кете жаздайды. Енді жеттік дегенде бұл бүйректен сирақ шығарады.

Ялтаға биыл өлігімді сүйретсем де барамын. Ауыл деп иегің қышымасын.

Содан ас үйдегі аяқ-табақтың сатыр-сұтыры, салдыр-гүлдірі көпке дейін тыйылмады. Қасық пен пышақ, тарелка мен ожау, кесе мен шайнек ғайыптан жан бітіп, бір-бірімен шақ-шұқ болды да жатты.

Әйелі Аязбайдың атын атағаны есіне түсіп Жоламан мырс етті. Ауылдағы жақын ағайын-туысты былай қойып, сол жұқсыз Аязбайдың өзін де сағынғанын сезіп, жүрегі сыздады. Ауылға Айнұрдың сол жолы баруы тұңғыш рет еді, ақырғы баруы болып тынды. Аязбай Жоламанмен құрдас қой. Алғаш көріскенде әбден қызу екен; құрдас құрдастығын істеп, ә дегеннен-ақ Айнұрды бас салып құшақтап қолын сумаңдатқанда, қаланың тік бақай қызы Айнұр келіншек нағыз тағылардың табынына тап болғандай шошып кеткен.

— Өй, соны да көңіліңе аласың ба, құрдас болған соң ойнағаны ғой, — деп күлген Жоламан. Айнұр одан бетер шатқаяқтап:

— Ужас! Сен де сол жындыны жақтап тұрсың ба? Ой, ужас, что за дикость! — деп келген күннің ертеңіне-ақ: «Кетейік, кетейіктің» астына алған.

Енді, міне, талай заман өтсе де, сол бір сапарды Айнұр аза бойы қаза болып, шоқ басқандай шоршып түсіп еске алды. Тағы да:

— Сол Аязбай қортықтың өзіңді де қорлағанын қалай ғана ұмыттың?! — деп шапшыды.

Осымен қарсыласының екі жауырынын да жерге тигізген палуандай масаттанып:

— Сөзді қой, байекесі, басқа біреу қағып кетпей тұрғанда, аузыңа түскен ақ майдан құр қалмай, бар-дағы жолдаманы ал. Мен чемодандарды реттейін, — деген.

Жоламан да айтқанынан қайтпады. Жолдаманы әкелуін әкелді. Тек оны Айнұр мен бойжеткен қызы Гүлмираның атына жаздырды да, өзі Ақбура — Боранды қайдасың деп, туған ауылына тартып отырды.

Ауылға келгенде ат басын тірейтін жері — туған інісі Еламанның үйі. Бабадан — балаға атамекен болып келе жатқан құт діңгек — қарашаңырақ осы. Ауыл тұрмақ бүкіл аудан бұл шаңырақты Еламанның үйі демейді, жарықтық Жанғазының үйі дейді. Ал Теміртаудағы Жоламанның төрт бөлмелі пәтерін жарықтық Жанғазының үйі деп айту ешкімнің ойына келмес еді. Жанғазы — Жоламан мен Еламанның кешегі ұлы соғыстан қайтпай қалған әкесі ғой. Жанғазы майданға аттанғанда, Жоламан екі жаста, ал Еламаны іште қалған бала еді. Он жылдықты бітіре салысымен елу сегізінші жылы жазда Жоламан комсомолдық жолдамамен Теміртауға аттанды да, қарашаңыраққа Еламан ие болып қалып еді...

Еламан екі танауы делдие қуанып, елпектеп жүріп, өрістен бір құнан қара қойды алдырып та үлгерді. Енді мейман ағасымен ақылдасып, кешке өзімен бірге дастарқан басында отыратын адамдарды атады. Қолы тиіп келсе, колхоздың председателін, ауылсоветтің әйел бастығын, мектептің директорын, бөлімше бригадирін, магазинші Жорақұлды, тағы да сорпа бетіне шығар бірер азаматтарды шақырмақшы.

— Маған бәрібір, өзің біл, — деді Жоламан, — қалаған адамыңды шақыра бер. Ау, айтпақшы, Аязбай қайда? Көрінбейді ғой. Магазинші сол емес пе еді?

Інісі тыржың ете қалды.

— Қойшы соны... Магазиннен кеткелі қашан... Кісілердің мазасын алып, дастарқанның берекесін кетіреді. Өткен жолы келгендерінде істеген қылығын ұмытып қалдың ба? — деді.

Еламан Теміртаудағы Айнұр жеңгесімен бәтуаласып қойғандай, сөздері бір жерден шыққанына Жоламан таң қалды да, өткен жолғы оқиғаны есіне түсірді.

Сол жолы Аязбай ауылбайшалаймын деп әуелі Айнұрды бұртитып алды. Құрдастың әйелімен қалжыңдаса беретін қу әдетіне басып, тіпті құлаққа түрпі бір сорақы сөздерді соғып-соғып қалып еді, мұндай сұмдықты бұрын көріп-білмеген Айнұр талып түсе жаздады. Ол — онымен тынды-ау дегенде, шай үстінде тағы да сілтеңкіреген Аязекең енді Жоламанның өзіне тиісті. Жоламанның омырауындағы Алтын Жұлдызды саусағымен шұқып:
— Мынауың таза алтын ба, әлде құр жылтыратып қойған бояма ма? — деп килікті.

— Өкіметтің бергені ғой, мен тексерген жоқпын, — деді күле жауап беріп құтылмақшы болған Жоламан. Аязбай аялдамады:

— Сен Алтын Жұлдыз тақтым деп танауыңды көтерме, білдің бе? Теміртауда ақшаны күреп тауып жүрмін деп шіренбе, білдің бе? Қатының анау, асау байталдай жанына кісі жолатпайды. Сенің отырысың мынау, құрдасыңмен жөндеп сөйлескің де келмейді. Біз де сорлы емеспіз, сен сияқты герой болмасақ та, алтын бізде де бар, құдайға шүкір. Міне!

Аязбай ұрты салбыраңқыраған аузын жайындай ашып кеп қалып еді; ту көмейіне дейін алтынмен қаптап тастаған екен, адамның аузы емес, оркестрдегі жез кернейдің ұңғысындай жалт-жұлт етіп үңірейді.

— Байғұс-ау, өз тісің де әп-әдемі емес пе еді? Мынауың не сұмдық? Айдың-күннің аманында қырғұлақ тиді ме, не болды? — деп Жоламан шыннан шошыды.

Мұны кекеттіге санаған Аязбай:

—Теміртауда жеміс жоқ дейді ғой, қырғұлақ болсаң өзің бол! — деп көздері шыныдай шытынады. — Менің қатынымның да тістері түп-түгел алтын. Ал, неғыласың? Мына сенің шыбық тимес шыңқ етер нақсүйерің құлағына тарыдай шыны тағып алыпты. Менің қатынымның үш алтын сырғасы бар. Ал, неғыласың? Так што, бізбен манаурап сөйлескеніңді қой, білдің бе?

Басқа ес білер ағайын сол жолы Аязбайды әке-шеше деп жатып, үйіне әрең алып кетіп еді. Содан қайтып Жоламан оны көрген емес. Өткендегі иттігіне қарамай, көргісі келеді. Қанша дегенмен сон-оу соғыс жылдарынан кейінгі қиын-қыстау кездерден мектепке бірге барып, бір үзім нанды бөліп жеп, ауданның интернатында бірге жатып, демалыс күндері ауылға бірге қайтатын қимас досы, бір жылы туған құрдасы еді. Қимады. Інісі Еламанға:

— Лажы болса, шақыра сал, — деді.

— Әй, келін, садағаң болайын, қораларыңа бөтен қозы кірген жоқ па? — деп бір кемпір таяғын кезеніп, жоғары қарай өтті. Ұяға қонар шақтың әлегімен зипа терек басында құс баласы азан-қазан шулады. Ақыры мал жайғасып, ымырт үйіріле ел ас-суға отырар кезде, Аязбай шақыртпай-ақ өзі келді. Кең-мол пішілген мейман бөлменің төріне бағана Еламан атаған игі жақсылар отырған. Ауыл әдетінше қоңыраусыз кіріп келген Аязбай отыра кететін бос орындық та жоқ еді, амалсыз босағада тұрып қалды. Қатты өзгерген екен. Әуелі оны Жоламан танымады. Тек баяғы бала кезінен ыржиып күлетін әдетінен ғана шамалады.

Аязбайға өзі бармақ болып, Жоламан төрдегі орнынан тұрып есікке беттеп бара жатты. Сіресіп отырған басқалар да қозғалақтады. Еламан іштей жақтырмаса да:
— Кел, кел,—деп жан-жағына қарап бос орын іздеген болды.

Жоламанның әдейілеп жанына келгені — спирттеліп қалған жұлын-жүйкесін босатып жіберген шығар, Аязбай көлкілдеп іскен көзін кіршеңдеу костюмінің жеңімен сүртті.

— Кешір, — деді домбығып, іркілдек тартқан топырақ түстес бетінің еті дір-дір етіп. — Айналайын Жоламан, титтейден бірге өскен бауырымсың ғой. Кешір, мыналар мені түсінбейді... — Ол дастарқан басындағыларды қолымен мегзеп, жайпап өтті.

Жоламан іштей тіксініп, бойы түршіккендей болды. Аязбайдың аузы түпсіз терең оппадай омырайып, тереңнен қарауытады. Бір тіс жоқ, «Баяғы аузы тола алтыны қайда?»

Аязбай Жоламанның омырауындағы Алтын Жұлдызды абайлап ұстап, көгерген жентек ернін тигізді.

— Кешір өткен жолғы иттігімді. Нағыз алтын осы екен. Менікі баяғыда саудырап түсіп қалған... Сен енді қайтып келгенше мен, сірә... Сондықтан келесі жолы Айнұрды ала кел. Қорықпасын. Әй, Еламан, құй анауыңнан! Жоламан енді айналып келгенше мен, мен... кім бар, кім жоқ...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...