Эссе және өлең-жыр байқауы

Күнделік рәсімдеу: ақыл-кеңестер, идеялар, үлгілер

Қазіргі кезде ақпарат көлемі мен оның қолжетімділігі деңгейінің жоғарылығы сондай, күн сайын бізге белгілі болып жатқанды есте сақтап қалу мүмкін емес. Ал егер бұған бүгінгі адамның жұмысбастылығын және ол атқаруы тиіс істердің өте көп болатынын қоссақ, керекті мезетте жадымыздың қуыс-қыртыстарынан қандай бір ақпаратты «суырып алу» оңайға соқпайды. Міне, осы үшін адамдардың көпшілігі оқуында, жұмысында, бизнесте және күйбең тіршілікке толы күнделікті өмірде күнделіктерді пайдаланады. Алайда, күнделіктерді пайдалану оңды нәтиже беріп, тірлікті оңайлатуы үшін, оларды дұрыс рәсімдей білу қажет. Енді оларды қалай рәсімдеуге болатынын қарастырып көрейік.  

Күнделіктер жайындағы жалпы мағлұмат

Сіздің күнделігіңіздің жалпы алғанда аңысы қандай болатынынан бастаған абзал. Күнделіктің ішкі жағының ғана емес, сыртқы жағының да қалай әрленіп-рәсімделетіні осыған байланысты. Бұлай болатын себебі сізге бұл кұралды пайдалану барынша ыңғайлы болуы тиіс. Әсіресе сізге күнделік жазып отыру ұнауы тиіс, осы үдерістен ләззат алып, бұл сіздің ермек ісіңіз болып кетуі керек.  

Қазіргі кезде көптеген өндірушілердің күнделіктерді рәсімдеудің әр-алуан идеяларын көруге болады. Сондықтан, өзіңіздің талап-тілектеріңізге сай болатын күнделікті таңдап алуға болады. Күнделіктердің барлық түрлерін біз тізбектеп шықпаймыз, тек ең көп таралған түрлерін айтып шығамыз:  

Қарапайым күнделік. Бұндай күнделік ретінде әр күнге арналған тірліктер жоспарын жазып отыруға орын бар кәдімгі блокнот жарап жатыр. Күнделіктің бұл түрін адамдардың көбі пайдаланады, өйткені оған жазбаларды түртіп отыруға, керекті нәрселерді белгілеп отыруға, атаулы күндерді және кездесу уақыттарын белгілеп отыруға, туған күндерді, телефон номерлерін, мекенжайларды және басқа деректерді жазып қоюға ыңғайлы. Қарапайым күнделікті адам өзі ойлап табатын жүйе бойынша толтырып жүреді.    

Жеке (өзіңізге арналған) күнделік. Оны күнделік деуге болады, өйткені ол ең әуелі эмоционалдық тұрғыдағы ширыққан көңілді орнына түсіруге, алаңдатып жүрген ойларды қағазға «төгуге» арналған. Психотерапевтер мен психологтар, әсіресе артық сезімге, қорқынышқа, уайымға, негативті ойларға берілгіш адамдарға, осындай күнделіктерді жазуға кеңес береді. Бұның оңды нәтижесі шынымен-ақ бар — бұндай «практикадан» соң адам арқаны кеңге салып, жеңілдеп қалады, өзінің психологиялық күйін жақсартады. Жеке күнделіктер, көбінесе, еркін формада жазылып отырады.  

Бизнес-күнделік. Бұл бизнесмендерге, іскер кісілерге, графигінде бос уақыт аз адамдарға арналған. Бизнес-күнделік тірлік-қамдарды реттестіріп, ештеңені ұмытпауға, маңызды ақпараттың көзден тасада қалмауына септеседі. Ол нақты реттестіріліп (құрылымдалып), уақыт аралығы: сағат, күн, апта, ай жыл ретінде анық жазылуы тиіс. Адамның жұмысындағы нәтижелері мен жетістіктері күнделіктің ұйымдастырылуына едәуір байланысты.  

Электронды күнделік. Бұған әр алуан компьютерлік қосымшалар мен бағдарламалар жатады, бірақ кейінгі кездері смартфондар мен планшеттерге арналған утилиталар да көптеп шыға бастады. Электронды күнделіктер өте-мөте қолайлы, дыбыстық хабарламалары т.б. баптап қоюға болатын пайдалы функциялары өте көп. Белсенді өмір салтын ұстанатындар мен ұтқыр құрылғылардың қадірін біетіндер үшін олар таптырмайтын күнделік түрі болмақ.  

Ал жалпы айтып өтер болсақ, қазіргі таңда күнделіктердің мол мөлшерін, олардың ішінде тар салаға — «пайдаланушылардың» белгілі бір мақсаттарына ғана арналған күнделіктерді көруге болады. Біз олардың бәрін сипаттап отырмаймыз — дүкендерге барып, сөрелерде не тұрғанын бір шолып шықсаңыз жеткілікті.   

Сіздің қажетіңізге жарауы мүмкін күнделіктерді рәсімдеудің бірнеше идеясын қарастырайық.  

Күнделік беттерін рәсімдеудің үш жақсы идеясы

Төменде ұсынылып отырған идеяларды күнделіктердің кез келген түрі үшін пайдалана аласыз. Былайша айтқанда қағаз бен қалам болса болды, оларды қолдануға болады, бірақ біз күнделіктерді пайдалануға кеңес береміз, өйткені, біріншіден, қобыратып парақтарды тасып жүрмейсіз, екіншіден, жүйені меңгеріп алған соң, сіз күнделігіңізді істерді жүргізу мен мақсаттарға жетудегі пәрменді көмекшіңізге айналдырасыз.  

Дуайт Эйзенхауер жүйесі бойынша түзілетін күнделік

Сіз Эйзенхауер матрицасымен — тайм-менеджмент техникаларына қызығушылық танытатын көптеген адамдар пайдасына жаратып жүрген жоспарлау құралымен таныс шығарсыз. Эйзенхауердің АҚШ-ның 34-президенті болғанын және істелетін тірліктерді дұрыстап бөлу жайы ол үшін аса толғақты мәселелердің бірі болғанын еске сала кетейік.   

Әдістің мәні өз істеріңе берілетін басымдықты дұрыстап белгілеуге саяды. Берекесіз адамның көп уақыты болмашы істерге кетіп, маңызды да мәнді шаруалары іске аспай қалып жатады. Оның жеке басының тындырымдылығы мардымсыз. Бірақ матрицаны қолдану арқылы оны жоғарылатуға болады.   

Ол бойынша мақсат-міндеттер ешқашан дерлік тек қана маңыздылар бола бермейді, ал маңыздылары — тек қауырт бола бермейді. Шаруалардың төрт санаты бар:  

◎ Маңызды және қауырт шаруалар (оларды дәл қазір тындыру қажет);

◎ Маңызды, бірақ қауырт емес шаруалар (оларға негізгі уақытты жұмсау қажет);  

◎ Маңызды емес және қауырт шаруалар (оларды басқа адамдарға тапсыруған жөн);  

◎ Маңызды емес және қауырт емес шаруалар (оларға мүлдем уақытты шығындамаған абзал).  

Эйзенхауэр матрицасын алғаш рет қолданушыларға шаруаларды дұрыс жіктемелеу мен оларды төрт санатқа — матрица квадранттарына бөлу үдерісі ең көп қиындық тудырып жатады. Оның көрінісі мынандай болады: 

Кей кісілер белгілі бір шаруаларына басымдық беру үшін арнайы техникаларды пайдаланады, бірақ көпшілік бұны интуитивті түрде істейді. Блокнот парақтары суреттегідей шаршыларға бөлініп, күн сайын шаруалар шаршыларға үлестіріліп жазылады. Санаты жоғары шаруаларды (A, B және C) орындамай тұрып төмен санатты шаруаларды (B, C және D) бастауға болмайды.   

Эйзенхауэр матрицасы шаруаларды жоспарлаудың басқа да әдістерінің пайда болуына, мысалы, Стивен Ковидің әдістемесінің пайда болуына себеп болды. Сондай-ақ оны Bullet Jornal күнделігін жазуда да пайдалануға болады. Бұлар жайында енді айтып береміз. 

Стивен Кови жүйесі бойынша түзілетін күнделік

Стивен Кови заманымыздың ең табысты мотивациялық ораторларының, жазушыларының және тайм-менеджмент жөніндегі мамандарының бірі болды. Оның кітаптарының көбі бестселлерлерге айналып, әлі күнге дейін дүние жүзінде көп-көп таралыммен шығарылып жатыр. Ковидің өзі болса, «Forbes» журналының пікірінше Американың ең ықпалды 25 адамының ішіне кірді.  

Бұл кісінің еңбегін көптеген корпорациялар қызметкерлеріне уақытты ұтымды пайдаланудың негіздерін және жеке бас тындырымдылығын арттыруды үйретуде пайдаланып жүр. Бұл жердегі құралдардың бірі Ковидің «Жасампаз жандардың жеті дағдысы» кітабында айтылған қағидаттарға сәйкес келетін күнделік болып табылады.  

Кәдімгі күнделіктің өзі көптеген пайдалы функциялары бар кәсіби жоспарлауышқа (органайзердің функциялары артқан нұсқасы) айналады. Ол бизменмендерге және бүкіл шаруалары мен мақсат-міндеттерін рет-ретімен атқарып, бақылауында ұстауды қалайтын; уақыт ресурсының қадірін білетін адамдардың игілігіне жарайды.

Кови жүйесі бойынша түзілген күнделік екі бөліктен: негізгі бөліктен және қосымшадан құралады. Негізгі бөлігі — бұл күнделікті жоспарларды жасауға арналып сызылған беттер. Онда мүмкіндігінше тез орындалуы немесе дәл белгіленген уақытында істелуі тиіс шаруалар жазылады. Екінші қосымша негізгі мақсаттар, сондай-ақ адамның құндылықтары (оған арнайы орын бөлінеді) жазылатын апта сайынғы және ай сайынғы жазбаларға арналады. 

Тапсырмаларды, шаруаларды және мақсаттарды нақты-нақты белгілеп, басымдылығын айқындау (қазір не істеу керек, нені — ертең, нені — келесі айда т.б. істеу керек) арқасында Стивен Кови жүйесі бойынша түзілген күнделік адамға тындырымды болуға септігін тигізеді. Оны пайдаланып, күн сайынғы және апта сайынғы жоспарлаумен ғана емес, табысқа жетелеп, мақсатқа жеткізетін жаһандық жоспарларды да жасаумен айналысуға болады.

Глеб Архангельский жүйесі бойынша түзілген күнделік

Бұл күнделік тайм-менеджмент саласындағы ресейлік маман Глеб Архангельскийдің авторлық туындысы. Әдістеме қазіргі таңдағы ең тиімділердің бірі.

Іс-тапсырмалар бірінші кезектегілер мен екінші кезектегілерге бөлінгендіктен күнделікнақты-нақты құрылымдалған. Бұл оның жалғыз ерекшелігі емес — оның тағы бір ерекшелігі осы құралмен жұмыс істеудің өте қызықтылығында. Ол үшін автор күнделік беттеріне әртүрлі күнделікті шаруаларды күлкілі, бірақ нақты әрі бәрі қамтылған формада жазып қойған.   

Сондай-ақ, әрбір бетте сол күні болатын оқиғаларға арналған орын бар (ол орынды өзіңіз белгілейсіз). Сонда, қарабайыр тірліктермен қатар, жоспарлар мен оқиғаларды жадыңызда жаңғыртып, сонымен бірге көңіліңізді бір көтеріп қою үшін көз жүгіртіп тұруға болатын жеке күнделікті де жасап отырасыз.  

Бұған қоса, күнделікте «Сыйлық» белгісі таңбаланған «Аралық шаттық» бар, онда достармен кездесу, киноға бару, дүкен аралау және басқа күнделікті жанға жайлы көңіл көтеру шараларына арналған уақытты енгізіп қоюға ыңғайлы. Күнделікті пайдаланушы назарын басқаға аудармауы үшін бұл баған беттің төменгі жағына жайғастырылған.  

Архангельский күнделігі ұдайы түзетіліп, жақсартылып отырады және оның бірнеше нұсқасын табуға болады. Танысып шығу үшін оның беттерін түзудің бір мысалын көрейік:

Байқағандарыңыздай, беттің жоғары жағында «Бақа» және «Піл» графалары бар. Бұл тіршілік иелері тайм-менеджменттің классикасы болып кетті: бақаларға тезірек шешімін тауып, бір жақты болуы қажет ұсақ, соншалықты қызықты емес және жағымды емес шаруалар жатады (бұл бақаларды «жеп қою» керек). Ал пілдер — бұл күрделі және ауқымды іс-шаруалар. Пілді «жеу» үшін оны кішкентай түйірлерге «турап» тастау, яғни үлкен бір шаруаны бірнеше кішкентайға бөлшектеу қажет.

«Қатаң кездесулер» бағанына келсек, ол жерге тек жүздесулерді ғана емес, белгілі бір уақытта аяқталуы тиіс шаруаларды да түртіп қоюға болады. Ал «Жұмсақ іс-тапсырмалар» бағанына қатаң кездесулер мен шаруалардан бос кезде атқаруға болатындардың бәрі жатады.    

Кешке қарай атқарылған істің бәрін қарап шығып, ең маңыздылары мен жағымдыларын таңдап алып, графалардың тұсына «Күн» белгісін қою керек. Ай аяқталған кезде қандай жұмыс көлемі атқарылғанын көру үшін жазбаларыңызды қарап шығуға өте ыңғайлы. Бұл графа басымдылық қаншалықты дұрыс беріліп жатқанын және қандай шаруалар ең маңызды болғанын өте жақсы көрсетіп береді.

Тағы бір айтарлығы: әр беттің төменгі жағында бизнес және уақытты пайдалану жөніндегі ақыл-кеңестер бар. Барлығы 365 ақыл бар, яғни әр күнге арналған бір кеңес бар. Оларды жұмыста және бизнесте (оқуда да) пайдалануға болады. Бұл күнделікті өте ұтымды және қызықты кұрал етеді.

Жоғарыда айтылғандарға қоса айтпағымыз — сізге міндетті түрде жоғарыда айтылып өткен күнделіктердің біреуін сатып алуға дүкенге қарай шаба жөнелудің қажеті жоқ. Сіз күнделік беттерін түзу идеяларын кез келген күнделікке, тіпті қолдан жасалған күнделікке де, қолдана аласыз. Былайша айтқанда, жоспарлау және уақытыңызды тиімді пайдалану құралын қолға түсіру үшін көп ақша шығындамаса да болады.  Егер сіз аздаған ептілігіңіз бен қиялыңызды қолдануға және қызғылықты ермекке аз ғана уақытыңызды арнауға дайын болсаңыз, сізге күнделікті қолдан жасап алуды ұсынамыз. Бізге сеніңіз, бұның ешқандай қиындығы жоқ. Бұл шаруа балалармер бірге уақытты жақсы өткізуге де жарап тұр.  

Өз қолыңыздан шыққан күнделік

Күнделікті (оның ішінде Bullet Journal күнделігін де) өз қолыңызбен жасап алу мен рәсімдеудің қиындығы жоқ. Алдын ала кеңселік заттарды: түрлі-түсті қарындаштарды немесе маркерлерді, картонды, ватманды, ақ және түрлі-түсті қағаз парақтарын, желімді, екі жағы да жабысқақ скотчты дайындап алып, күнделіктің сыртқы және ішкі жағы қалай жасалатынын жақсылап ойластырсаңыз жетіп жатыр. Тағы не қажет болатынын оқып көрейік.  

Күнделіктің сыртқы жағы

Күнделіктің сырты  —  бұл оның бет-жүзі, сондықтан оны сауатты әрі дұрыс жасау қажет. Жасау барасында альбомдық немесе блокноттық пішімдегі (формат) дайын үлгілерді (оларды кеңсе заттары дүкендерінен, интернеттен жүктеп алуға немесе баспаханадан тапсырыс беру арқылы алуға болады) пайдалануға немесе өзіңіз жасаған түрін негізге алуға болады.  

Күнделіктің сыртқы жағын рәсімдеген кезде әр алуан декоративтік материалдарды қолданып көргеннің пайдасы көп. Мысалы, түрлі-түсті картон алып, одан оюлар қиюға және олардан бұйымыңызға әр беретін аппликация түзуге болады. Ал қыздарға моншақ тастарын пайдаланып көруге кеңес береміз — ол өрнектер мен кескіндерді (сызбасы бойынша) салуға өте жақсы. Егер моншақтан геометриялық өрнек немесе этникалық стильдегі өрнек салынса, ерлердің күнделіктері де осылай безендірілуі мүмкін.

Айтпақшы, винтаж стилінде жасалатын күнделіктер тамаша шығады. Егер сіз қара, сұр және қоңыр түстерді белгілі бір стиль бойынша үйлестірсеңіз, сыртқы көрінісі керемет болып шығады. Дегенмен, моншақты ғана қолданып қоймаңыз — дермантинді, жасанды теріні немесе басқа бір жасанды материалды пайдаланыңыз (табиғи былғарыны пайдалануға ешкім тыйым салып жатқан жоқ, тек ол кәдімгідей қымбатқа түседі).

Күнделік сыртын рәсімдеудегі маңыздылығы бір мысқал да кем емес бөлігі — ол бекітпе ілгегі. Қазіргі таңда олардың түр-түрі көп: сыдырма, тойтарма, бау, шыртылдақ, түйме және басқалары бар. Бұл тұста ешқандай шектеу жоқ және бәрі сіздің көңіліңіздің жүйріктігіне, күнделіктің қандай болғанын қалағаныңызға және таңдаған стильге сәйкесуіне байланысты.  

Күнделік типін, оны бастаудағы мақсатыңызды (жұмыс, кездесулер, жеке жазбалар және т.б.) және пішімін (формат) айқындап алыңыз. Дәл осыдан бастаған абзал және осы қағида сыртын ғана емес, сіздің органайзеріңіздің, планнеріңіздің немесе күнделігіңіздің ішін рәсімдеуге де қатысты.

Күнделіктің ішкі жағы

Күнделікттің ішкі жағымен айналысу сыртымен айналысқаннан да қызық. Оны жетекші жағы деуге болады, өйткені ол бұл құралмен жұмыс істеудегі ыңғайлылық пен жайлылыққа, сондай-ақ алатын ләззатқа және, әлбетте, жеке бас тындырымдылығына әсер етеді. Маңызды екі нәрсеге назар аударған абзал — бұл күнделіктің беттері мен оларға керекті белгілердің жазылып-сызылуы.

Беттердің сапасы, сонымен қатар олардың қандай түспен әрленетіні ерекше мәнге ие. Аса қанық және жарқын түстерді пайдаланбай-ақ қойған дұрыс, өйткені олармен жұмыс істеу ыңғайсыздық тудырады — олар жазуды көруді қиындатады (сосын көру аппаратына қажетсіз артық күш түсіреді). Сондықтан, беттер көз қарымайтын, жұмсақ және көзге үйреншікті реңде болуы тиіс. Жұмсақ (пастельдік) реңктерді пайдаланып көріңіз — олар көзді талдырмайды (оның үстіне олардың антистресстік әсері де бар).

Енді күнделік беттерін қалай «шимайлайтынымыз» жайында бірер сөз. Күнделікті рәсімдеудегі негізгі қағидаттардың бірі — ол беттерін нөмірлеп шығу. Егер беттері нөмірленіп тұрса, керекті ақпаратты сіз анағұрлым оңайырақ және тезірек тауып алып отырасыз. Келесі маңызды нәрсе — ол сызғылап-белгілеп шығу. Егер сіздің ұстайтыныңыз планнер немесе органайзер болса, онда оның беттері күндер, уақыт және жазбалар түсетін болып сызықпен бөлініп тұруы тиіс.

Ары қарай күнделік беттерін ыңғайыңызға қарай безендіре бересіз. Қиялдап көріңіз: беттеріне фондық суреттерді, туыстарыңыздың суреттерін, мақсат-мұраттарыңыздың бейнесін, мандалаларды, ұлы адамдардың айтқан сөздерін немесе басқа бірнәрсе салып қоюға болады. Беттерді біз жоғарыда айтып өткен үлгілер бойынша рәсімдей беруге болатынын ұмытпаңыз.  

Жазбаларды ерекше түрде, тіпті құпия жазу (шифрлар) арқылы, жазып отыруға болады. Әрине, күнделікті атқарылып жүрген істер үшін шифрды қолдану дұрыс бола қоймас, бірақ қандай да бір деректерді құпия ұстау қажет болса, бұл жақсы амал. Шифр тек сізге ғана түсінікті болуы тиіс, ал оның оқылу жолын (бұл да тек сізге ғана түсінікті болуы тиіс) күнделіктің соңғы бетіне жазып қоюға болады. Осылай етсеңіз, басқалар білмеуі керек нәрсені ешкім біле алмайтынына сенімді жүруге болады және білдірмеу үшін жазбаларыңызды тығып ұстаудың қажеті болмайды.  

Мақаланың негізгі идеясын түсіндіріп бере алдық деп білеміз. Енді күнделігіңізді рәсімдеп алу оңай болады. Алайда, жоғарыда айтылып өткен Bullet Journal күнделігі туралы бірер сөз артық болмайды деп ойлаймыз. Осы уақыт пен істерді ұтымды ұйымдастыру құралын пайдалануды игеріп алуға кеңес береміз.

Bullet Journal күнделігі

Bullet Journal күнделігін әйгілі веб-дизайнер Райдер Кэрролл ойлап тапқан. Ол бірнеше жыл бойы өзінің уақытын мейлінше ұтымды ұйымдастыру жолын іздеп, нәтижесінде осы бірегей құралды жасап шығарды.   

Bullet Journal күнделігінің негізгі ерекшелігі оның өз иесіне барынша сәйкес келетінінде. Былайша айтқанда, бұл өзің ыңғайына икемделетін даяр тұрған үлгі емес, бұл өзіңе ыңғайлап алатын жүйе: рәсімдейсіз, ойластырасыз және қолданасыз.  

Буллет Джорналды күнделік пен планнердің қоспасы деуге болады. Ол қызықты ойлар мен идеяларды, міндеттерді, мақсаттарды және жоспарларды (ұзақмерзіділерді де) жазып отыруға, сондай-ақ арнайы белгілер арқылы қажетті ақпаратты тез іздеп табуға болатын құрал. Міндеттер мен істерді, ештеңені көзден таса қылмай, басқа уақытқа және басқа күнге оп-оңай ауыстырып отыруға болады.  

Кэрролл күнделігі телефон дәптеріне және қойын дәптеріне, тіпті Trello мен Evernote сияқты қосымшаларға күшті балама бола алады және басымдықтарды белгілеп, өзінің іскери және күнбе-күнгі өмірін жоспарлап отырғанды жаны сүйетіндерге қолайлы.

Бұндай құралды кез келген адам жасап ала алады. Алдымен жақсы бір блокнот (немесе дәптер) сатып алу керек. Ол өте кішкентай және өте үлкен (А5 пішімдегісі жарайды), аса ауыр немесе тым жеңіл болмасын. Бастысы — оны пайдалану мен өзіңмен бірге алып жүру сізге қолайлы болуы керек.  

Блокноттың беттері нөмірленген болғаны өте маңызды. Егер ондай болмаса, өзіңіз нөмірін қойып шығыңыз. Бірінші бетті (бірнеше бетті арнасаңыз да болады) күнделікті жүргізу барысында жазып отыратын мазмұны болуы тиіс — күнделігіңіздің тараулары мен оларға арналған беттерді жазып толтырып отырасыз.

Бұдан кейінгі бірнеше бетті жылдық бөлімге арнау қажет. Бір бетке, оны тең үш бөлікке бөліп, үш айды сыйдыруға болады. Бұнда ірі-ірі жоспарлар мен мақсаттар, елеулі оқиғалар мен күндер жазылады. Жылдық бөлім жоспарларды жалпы бағамдап отыруға ыңғайлы.

Бұдан кейін келесі бөлім — бір айға арналған беттер басталады. Кэрролдың өзі беттің сол жағында бір бағанға айдың күндерін, жанына апта күндерін жазып шығуға кеңес береді. Әр күннің тұсына болатын уақыты өзгермейтін оқиғаларды (жол жүру, іссапар және т.б.) түртіп қоюға ыңғайлы. Беттің оң жағына белгілі бір күндерге байланысты емес, бірақ нақты сол айда атқарылуы тиіс барлық ірі-ірі міндеттер мен мәселелерді жазып қою керек.

Ең ақырында, күн сайынғы жазбалардың кезегі келді. Оларға қалған беттердің бәрі арналады (әр ай біткенде жаңа айға арналған беттер басталады). Міндеттер тармақтар түрінде жазылып, ал тізімдегі тармақтардың өзін арнайы таңбалармен белгілеп отыру қажет, мысалы:

◎ нүкте  —  күн сайынғы қам-қарекет пен ұсақ тірліктер;  

◎ шеңбер  — іс-шаралар, кездесулер және оқиғалар;  

◎ сызықша  —  ойлар, идеялар және есте болсын деп түртіп қойған жазбалар;  

◎ жұлдыз  —  аса маңызды істер;  

◎ леп белгісі  —  аса шұғыл істер.  

Бір іс атқарылып біткен кезде символ орнына шармық (крест) қойылады. Әр күннің және аптаның аяқталуына қарай орындалмаған міндет-тапсырмаларды бір қарап шығу керек те, олардың орындалуы әлі де маңызды ма, жоқ па анықтап алу керек. Егер маңызды болмаса — еш ойланбай оларды сызып тастаңыз, ал егер маңызды болса — нұсқама таңбасымен (➜) немесе «>» таңбасымен белгілеп қойыңыз, яғни орындалу мерзімін кейінге (келесі күнге, аптаға немесе айға) ауыстырыңыз.  

Осылармен қатар, сіз басқа да символдарды пайдалана аласыз. Мысалы, «$» арқылы қаржыға байланыстының бәрін белгілеп отырыңыз ("$+" таңбасы — табыс, "$-" — шығын) тағы сол сияқтылар. Тек шатасып жүрмеу үшін, таңбалар өте көп болып кетпесе болды. Қолайлы болуы үшін блокноттың бөлек бір бетіне барлық таңбаларды және олардың нені білдіретінін жазып қоюыңызға болады.  

Көріп отырғаныңыздай, Bullet Journal-ды жазып отырудың еш қиындығы жоқ. Жалпы алғанда бұл кез келген күнделікке терезесі тең балама және біз сізге, зауқыңыз соғып жатса, осы керемет құралды пайдаланып көруге кеңес береміз. Бұл құралдың көңіліңізден шығатынына сеніміміз кәміл.

Әр ісіңіз табысқа жетелесін!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (3)

Гүлім

Менің ойымша бұл аударма ғой деймін. Қазақ менталитетіне онша ыңғайлы емес.

Болат

Қазіргі таңда аса қажет мәлімет екен! Уақыт тапшы заман болды ғой, тайм менеджментті арнайы мектепте оқыту керек

Қарлыға

Гүлім, қазақ менталитеті уақытқа қарамай, кешігіп, ешнәрсеге үлгермей, сауатсыз жүре беру ма? )

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...