Эссе және өлең-жыр байқауы

Мектеп оқушылары науқас адамарға арнап медициналық қосымша жасап шығарды

26 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында  «Technovation Challenge – 2019» халықаралық ІТ жарысының аймақтық кезеңі өтті. Байқауға Қазақстанның 14 қаласынан 57 команда қатысты. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 10-18 жас аралығындағы оқушы-қыздар бақ сынасты.

Technovation — бұл әлеуметтік мәселерлерді (медицина, білім, ақпараттық технологиялар, қауіпсіздік және бейбітшілік) көтеріп, оның шешімін технология (атап айтқанда мобильді қосымшалар) арқылы табуға үйрететін волонтерлік бағдарлама. Technovation Challenge — бұл 10–18 жас аралығындағы оқушы қыздар арасында өтетін халықаралық байқау. Қыздар мобильді қосымша жасап IT саласынан қабілеттерін шыңдап қана қоймай сонымен бірге сол қосымша арқылы әлеуметтік мәселелерді шешуге тырысады. Бұл байқау әлемнің 78 елінде өткізіледі. Байқауды ұйымдастырушы — Кремний алқабындағы «Iridescent» коммерциялық емес қайырымдылық ұйымы. Бас жүлде — 10 000 доллар.

Сурет: the-tech.kz

Биыл елімізде өткізілген байқауда қатысушылар, белгілі бір әлеуметтік мәселені көтеріп, оның шешу жолдарын IT тұрғысынан қарастырып, технология арқылы қалай шешу жолдарын көрсетті. Бір-бірінен артық болмаса кем түспейтін мықты командалардың арасынан үздік деп 5 команда таңдап алынды. 45 адамнан тұратын қазылар алқасы өзара кеңесіп үздік деп төмендегідей командаларды атады.  

Жартылай финалға өткендер: 

Ақтөбе қаласынан еlia командасы — Able to live қосымшасы, есту қабілеті нашар адамдардың өмірін жеңілдететін сервис.

Алматы қаласынан Pizzazz командасы — ZhanHealth қосымшасы. Денсаулығы нашар адамдар үшін көмек шақыратын сервис.  

Алматы қаласынан Guiding Star командасы — Guiding Star қосымшасы, нәзік жандылардың көшбасшылық дағдыларды дамытуға арналған қосымша.

Алматы қаласынан Coco командасы — TECO қосымшасы. Жеке мақсаттар қойып, оны ойын түрінде орындауға көмектеседі.

Тараз қаласынан Spark командасы — KindMind қосымшасы. Есту қабілеті өте нашар жандарға арналған қызмет.

Pizzazz командасымен сұхбат

Біз жартылай финалға өткен Алматылық Pizzazz командасымен сұхбаттастық. Медициналық мәселелерді шешуге арналған IT жобасын жасап шығаруға бойжеткендер көп ізденіп, еңбектенгендерін айтты. Топ мүшелері: Эрик Диляра, Алкеева Айнура, Қаршыға Əсем, Сапарбек Алуа. Алматы қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары. Топты атау себебі Pizzazz ағылшын сленгінен аударғанда «батыл, қорықпайтын» деген мағына білдіреді. Олар «өзімізді батыл деп санағандықтан топтың атын солай деп атадық», — дейді.

Суретте солдан оңға қарай: Диляра, Айнура, Әсем, Алуа

— Біз IT саласының қарқынды дамып жатқанын байқағандықтан осы салаға бет бұрдық. Өтіп жатқан түрлі байқауларға қатысып, жақсы жетістіктерге жетуді армандадық, өзімізге мақсат етіп қойдық. Солай осы оқу жылының қараша айында (2018 жыл қараша) төртеуміз HackDay деген конкурсқа барғанбыз. Алайда орын ала алмадық. Содан кейін келесі жолы жасайтын қосымшамыз əр адамның өмірін жақсартуға пайдасын тигізуі керек деген идеяны ұстандық. Диляра — қосымшаның кодын жазды. Ал мен жұрт алдында сөйлейтін сөздерімізді яғни speech дейді ғой. Соны дайындадым. Əсем — басымыздағы тəж сияқты бас киімдерімізді жасады, үстіміздегі бəрімізде бірдей ақ футболкаларымыз болуы əрі презентацияның дұрыс өтуіне жауапты болды. Ал бизнес жоспар үшін жауапкершілікті Алуа алды.

Technovation Challenge  байқауында олар Zhanhealth мобильді қосымшасын жасаған. Бұл қосымша науқас адамдарға көмектесетін сервис.   

— Эпилепсия, астма, диабет немесе аллергия сияқты ауруларға тап болған адамдарға арналған. Аяқ астынан дерті ұстаған жағдайларда адам батырманы (кнопканы) баса қалса, жедел жәрдем шақырылады. Ал адамның орналасу нүктесі геолокациясы оның жақындарына жіберіледі. Телефон дыбыс шығара бастайды. Бұл арқылы сол маңда өтіп бара жатқан адамдардың назарын өзіне аудартады. Көмектесуші адам ауырған кісінің телефонын қолына алғанда көмектесуге қажет инструкция ашылады. Телефон ашылмай, смартфон бетінде құпиясөз (пароль) болса да инструкция көрсетіледі. Бұл инструкцияны науқас адам алдын-ала өзі жазып қояды. Мәселен: астмамен ауырса «сөмкемде инглаятор жатыр, соны аузыма екі рет себу керек» деген сияқты нұсқаулық көрсетіледі. Былай қарағанда бізге жеңіл көрінгенмен, науқас адам дерті ұстаған жағдайда өзіне көмектесе алмайды. Ал жанынан өтіп бара жатқан көмектескісі келген адамдар қалай көмектесу керек екенін білмейді. Осындай жағдайда біздің қосымшамыз көмектеседі. Біз осы мәселені шешеміз. Əдетте осындай ауруларға тап болған адамдар керек кезде жылдам əрі дұрыс алғашқы көмек көрсетілмегендіктен (первая помощь) көз жұмады.

Ал денсаулық сақтау саласын таңдауларыңызға не себеп болды?

— Менің өзімде аллергия бар. Сондықтан өзіммен бірге əрқашан дәрі алып жүруім керек. Алайда бұл дәріні дұрыс пайдалануды менің ата-анам, достарым ғана біледі. Ал автобуста, басқа да қоғамдық орындарда өз өмірім үшін қорқамын. Егер дертім ұстаған жағдайда ешкім дұрыстап дәрімді бере алмайды. Сол үшін осы қосымшада нұсқаулық  көрсетіп жасадық. Бұл идея негізі Алуаға келді. Біз мектепте үнемі бірге жүреміз. Мен оған өз мәселемді айтып, бөлістім. Ал Technovation-ға бір идея керек болды. Солай Алуа осы идеяны ұсынды. Бізде бұдан басқа идея болмады. Осы идеямен жұмыс жасап, Zhanhealth деп атап, прототипін қағазға да салдық. Алайда бұл идеяны менторымызға айтқанда ол кісі бізге «2 апта тағы да ойланыңдар. Мүмкін басқа да идеялар келер», — деді. Содан соң біз өзге идеяларды қарастырдық. Бізде бұдан өзге жиырмаға жуық идея болды. Бірақ ең соңында осы Zhanhealth идеясына келіп тоқтадық. Ең алғашқы идея ең жақсысы деген. Бəріміз бұл идеяны одан әрі жетілдіріп, соңғы функцияларды қостық. Сондай-ақ  зерттеу де жүргіздік. Нəтижесінде тек Қазақстан бойынша 10 мыңнан астам астматик, 170 мыңнан астам эпилептик, 320 мыңнан астам диабетик, 50 мыңнан астам аллергик бар екен. Осы адамдардың бəрінде ұстама (приступ) дерті бар. Алайда адам дерті ұстардың алдында 3-5 секунд бұрын «қазір дерті ұстайтынын» адам түсінеді ғой. Яғни сол 3-5 аралығында «виджет» батырмасын (кнопка) басып үлгіре алады. 

Жоба жасау кезінде кедергілер болды ма?

— Кедергілер əрине, болды. Бизнес жоспар жазу үшін нақты сандар көрсету керек болды. Түрлі жерлерге барып, сауалнама жүргіздік. Елімізде жоғарыда атап кеткендей аурулармен ауыратын науқас адамдар көп болғанмен көшеде кездестіру қиын. Сондықтан біз  ауруханаларға да бардық. Одан бөлек, таим менеджментті атап өтер едім. Біз осы жобамен төрт ай айналыстық. Осы төрт айда бізде түрлі емтихандар болды: үшінші және төртінші тоқсандық емтихандар, IELTS, SAT, ішкі және сыртқы емтихандар тапсырдық. Соған қарамастан біз бұл жобаны жоғары деңгейде бітірдік деп санаймыз.  

Қазақстанның әр түкпірінен келген 57 команданың арасынан үздік 5 команда жартылай финалға өткен. Оның ішінде Pizzazz командасы да бар. Жартылай финалға өткен 5 команданың жобасын халықаралық сарапшылар таразылайды. Бағы мен бабы қатар шапқандар күзде Сан-Францискода өтетін финалға қатысады.⠀

— Жалпы Астанаға Қазақстанның барлық қаласынан 57 команда келген. Біз өзге қыздардың жобаларына қарап өзіміз үшін қорықтық. Себебі олардың да жобалары жоғары деңгейде болды. Сондықтан біз бар күш жігерімізді жинап, барынша жақсы нəтиже көрсету үшін көп еңбектендік.

Бүгінгі таңда Pizzazz командасының қосымшасына «Nomad Life» және «Centras Insurance» сынды беделді сақтандыру компаниялары қызығушылық танытқан. Қазір келіссөздер жасалып жатыр. Алдағы уақытта әріптестік байланыс орнатып бірге жұмыс істесек деген ниетте екендіктерін жеткізді.

Биыл Қазақстанда үшінші жыл қатарынан өтіп отыр. Осы үш  жылдың ішінде 300 астам команда қатысып, үш команда финалға дейін жетіп, әлемдегі үздік 6 команда қатарына кірген. Ал қазақстандық бір команда Сан-Францискодағы (АҚШ) Кремний алқабына барып бас жүлдені жеңіп алған.

Айта кетейік, «Technovation challenge Kazakhstan» байқауының бас серіктесі әрі демеушісі — Аида мен Нұрәлі Әлиевтердің «ZHANARTU» қайырымдылық қоры. Ал «Technovation Kazakhstan 2019» өңірлік байқауының негізгі серіктестері Kaspersky Lab, «Финтех Хаб МФЦА» және АХҚО бюросы болды.  

Суреттер: жеке парақшаларынан алынды

Қания Табыс


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Басқа да жазбалар

Пікірлер (1)

Болат

Осы жастардан бірдеңе шығады

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...