Эссе және өлең-жыр байқауы

Суреткер ақын

Шортанбай — шығармашылық жолы күрделі, өз заманының ұлы ақындарының бірі. Сондықтан да оның өлеңдерін, шығармашылық жолын түсіну бізге оңайға түскен жоқ. Коммунистік идеология режимі тұсында ақын еңбектері бір жақты ғана талданды, оның көзқарасы мен өлеңдерінің өзгешеліктері түсінуге, оларды бар болмысымен, жетістік -қайшылықтарымен тұтас күйінде қарауға мүмкіндік болмады. Ол жөнінде көп жазылды. Шортанбай мұрасын зерттеушілер ішінде М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Т.Нұртазин, Ы.Дүйсенбаев, Ғ.Мұсабаев сияқты көрнекті ғалымдарымыз болды. Алайда сол кездегі біз ұстанған әдебиеттің таптық, партиялық принциптері шындықты дәл айтқызбады. Соған қарамастан олар Шортанбайды «керексіз» деп жылы жауып қоймай, одан қалған мұраға айналып - үйіріліп, бірде мақтап, бірде сынап, сыңар жақтап болса да, көңіл аударуға, Шортанбайдың үлкен ақындық талантын мойындауға тырысты. Мұның бәрі Шортанбай шығармаларының біздің ұлттық рухани мұрамыздағы орнын түсінгендіктен, заманы қайшылықтардың ең бір шиеленіскен тұсында өмір сүріп, сол өмір шындығын аса бір қырағылықпен тани білген, биік көркемдікпен суреттеген ақын еңбегін мойындағандықтан еді.

Шортанбай заманы — патша өкіметі отаршылдығының әбден күшіне кіріп, қазақ өлкесін емін-еркін билей бастаған тұсы болатын. Ең алдымен, ел билеу жүйесіне өзгерістер кірді. Хандық жойылып, әуелі аға сұлтандық, онан соң болыстық жүйелер пайда болды. Олардың басына бұрынғыдай елге ұйтқы болатын дана көсемдер мен қол бастаған батырлар, сөз бастаған шешендер емес, орыс әкімшілігіне ұнай білетін пысықтар мен басшының ыңғайына көнгіш жағымпаздар қойылды. Олар ел мұңын, халық мұқтажын жоқтауға емес, отаршылдық саясат пен өз құлқы ғана қызмет етті. Елдің берекесі кете бастады. Оның үстіне қазақ жері мемлекеттің меншігі саналып, оған патша өкіметінің билігін нығайтуға арналған бекіністер салына бастады, ол жерлерде жаңа қоныстанушылар пайда болды. Даланың байлығын пайдалану мақсатымен сауда-саттық күшейіп, қазақ елі тұтастай, орыс капитализмінің құшағына кіре түсті. Сауда бұрын мұндайды көрмеген қазақтың натуралды шаруашылығын бөлшектеп, ақшаға айналдырды. Кең жайылып жатқан есеп - қисапсыз елге есеп кірді. Есепке құрылған дүние елдің психологиясында, тұрмыс-тіршілігінде өзгерістер туғызды. Таптық жік күшейді. Байлар байыған сайын байып, кедейлер кедейлене түсті. Бай мен араға есеп кірген кедей оған ермей қалды да, жермен кәсіп етуге көшті, жатақтар пайда болды. Осылардың бәрі қазақтың ескі өмір қалпын ыдырата бастап еді.

Мұндай тарихи үлкен үдерістің заңдылығын, қазақтардың көшпелі тұрмыс күйімен оңашалану дәуірі өткенін ол заманда түсіне қою да оңай емес-ті. Жаңа өмір салты халықтың қалыптасқан ұғымымен қайшылыққа келді де, «заман бұзылып барады» деген түсінік тарады. Шортанбай бір өлеңінде оны «Зар заман» деп атады. Оның жырлары негізінен өз дәуіріне риза болмай түңілуге, алдан күтер ештеме жоқ үмітсіздікке құрылады да, бәрі зар болып, сары уайым болып келеді. Осыдан барып торыққан Шортанбайдың тірелер жері де дін болып, ол бұл дүниенің опасыздығын айтып, жақсылықты о дүниеден іздеуге барады. Шортанбайдан шыққан осы бір «зар заман» деген сөз кейін біртұтас дәуірдің атына айналды.

Орыстармен карым - қатынас қазақ әйелдерінің әлеуметтік жағдайына өзгеріс кіргізді. Сауда қызыл көйлек әкеліп, бұрынғы қой жүнінен тоқылған киім-кешекті ауыстырды. Шортанбай оны да ұнатпайды. Кедейдің күн көре алмайтынының бір себебі ретінде ол:

Кедей қайдан күн көрер,
Қылымсыған қатыны
Қызыл көйлек киеді,
Өзінің байын менсінбей,
Көрінгенді сүйеді, —
дейді. Мүмкін біреуді сүймеген - ақ шығар, бірақ, қызыл көйлек киіп, бой жасағанын көрген соң Шортанбай солай ойлайды. Патша заңы қазақ әйелінің тендікке ұмтылуына, сүймеген жігітіне бармауына құқық бергені рас. Ол заманда сирек болса да, қалың малға сатылған, тағдырына наразы болып, теңін іздеуге ұмтылған жастар кездескені даусыз.

Закон айтып қатын тұр
Қойнында жатқан еріне,
Зарланып тұрған әйелдер
Қосылғам жоқ деп теңіме, —
деген жолдарда Шортанбай осыны аңғартады. Асыра айту болғанмен ақын заман суреті есебінде осы өзгерісті дөп басады. Бұларды да «заман азды» деген тезисіне дәлел етіп ұсынады. Оның:

Заман кетті Қырымға,
Бұрынғы шіркін заманның
Исі де келмес мұрынға.
Биттей нәрсе қалсайшы
Бұрынғы заңнан ырымға, —
немесе,
Шеп сұйылды жердегі,
Құс таусылды көлдегі, —
деген сөздері — ол заман үшін асыра, өсіре айтылған нәрселер. О л кезде қазақ өмірі осы дәрежеде өзгере қоймағанмен, Шортанбай әсірелеп жібереді. Оған мұны айтқызып отырған — өзгеріс бағыты. Солай боларын Шортанбай дұрыс болжайды. Отырықшылықтың ұлғаюы, шоп шабу, жер жырту, кен байлығын игеруге ұмтылу шаралары қазақ жері табиғатының шынайы қалпын бұзды. Мұның бәрі табиғат аясында еркін өскен, оны қызықтаған дала еркесі халықтың ұғымына жат еді. Шортанбай осыдан шошынды. Түбі солай боларын сезді. Бүгінгі экологиялық апаттардың түп негізі сол саясатта жатыр.

Бұл айтылғандар Шортанбай шығармаларында қазақтың, қоғамдық өмірінің барлық саласында болған өзгерістердің кең қамтылып суреттелгенін көрсетеді. Ол салт-сананы да, адам психологиясын да, экономиканы да, дәуірдің идеологиясын да қамтиды. Осы салалардың бәрінде де ескі патриархалдық қалып бұзылып, жаңаға жол ашылды. Ол, әрине, ақынға ұнамайды, оның шығаратын қорытындысы да бөлек. Бірақ оған қарамай, Шортанбай сол өзгерістер қалай басталып өрістегенін, нәтижесін, процесті түгелдей көркем суретке айналдырып ұсынады. Ал, одан басқаша қорытынды жасау біздің міндетіміз, баяғыша оқшаулану дәуірі өтті — ел мен ел қарым-қатынасқа түсті. Ескілік біртіндеп ыдырауға бет алды, әлеуметтік жік күшейді, билік малы бар адамның қолына көшті. Отаршылдық ел ішін дау-шарға толтырды, бұлар қоғамдық тартысқа жаңа сипат берді. Міне, Шортанбай емес, бізше ақын суреттеген өмір шындығын қорытсақ, осылай болып шықпақ.

Заман өзгерісі — жаңа құбылыс.

Шортанбай мұрасының ішінде оның өлерде айтқан өсиет өлеңі бар. Онда да ол елін, тыңдаушыларын имандылыққа, адалдыққа үндейді. Құнанбай, Шорманның Мұнысы сияқты ел басшыларына сәлем жолдап, оларды игі байлыққа алданбай, құдай үйіне барып қайтуға дейді:

Дұғай сәлем айтайын,
Тобықты да Құнанбай,
Кімнің тағы қалады
Өлгеннен соң суалмай.
Осы дәулет барында
Талап қылсын Меккені,
Ақыреттен құр қалмай.
Құнанбайдың жасы ұлғайған шағында қажылық сапарға, бұл жолдар ой салуы да мүмкін-ау деген ой келеді.
Шортанбай бүгін мақтауды да, даттауды да керек етпейді. Оның бәрін ақын өзі көрмегенмен, мұрасы көрді. Ендігі кезеңде халқының бағалы әдеби мұралары қатарында оның шығармашылығы берік орын алады деп сенеміз. Ол өз заманының тарихи деректерін әлеуметтік тұрғыдан ашып көрсете білген суреткер ақын. Бізге оның осы суреткерлігі бағалы. Ал ол деректерді ескі өз танымы тұрғысынан бағалауы, сынауы, тарихтың көптеген басқа да сабақтары сияқты екшеліп кетеді. Оны біз өзгеше бағалаймыз.

Серік Қирабаев


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз