Өлеңдер бөлімі

Балалармен жұмыс істеудегі ойын терапиясы

Ойын терапиясы — ойынды қолдана отырып балаларға немесе ересектерге психотерапевттік ықпал ету әдісі. Төменде балалармен жұмыс істегенде қалай қолданылатынын туралы айтылады, бірақ алдымен жалпылама ақпарат бере кетейік.   

Бұл әдістеменің мәні адамның тұлғалық және психоэмоционалдық тұрғыда дамуына кедергі келтіретін әлеуметтік және психологиялық қиындықтарды еңсеруге жәрдемдесуі үшін ойынның терапевттік әсерін қолдану болып табылады.  

Ойын жағдайлары мыналарға мүмкіндік береді:  

◎ жанжалды жағдайларды бітістіру тәсілдерін көрсетуге;   

◎ адам мінезінің жайсыз қырларын өзгертуге;  

◎ фобияларды сейілтуге.

Ойын топ мүшелері арасында жақын қарым-қатынастың құрылуына сеп болады, шиеленісті, абыржушылықты, жан-жағындағылардан үрейленуді болдырмайды, өзін бағалау деңгейін жоғарылатады, әлеуметтік тұрғыда маңызды салдардың алдын алып, қарым-қатынас кезіндегі әртүрлі жағдайларда өзіне сенуге мүмкіндік береді.  

Бұл мақалада біз балалар мен жасөспірімдердің психологиялық түйткілдерін емдеуге бағытталған ойындар турасында айтып береміз. Балалар терапевтке өз ойлары мен сезімдерін сипаттап беруде қиындыққа тап болады, бірақ ойын барысында олар өздерінің ойларын, нені қалайтынын, уайымдарын және үрейлерін «көрсетіп» бере алады.   

Ойынның мазмұны, ойында ұсынылатын тұлғааралық қарым-қатынастар мен мінездердің, жанжалдардың, ниеттер мен эмоциялардың ерекшеліктері, концептуалдық күрделіліктің және ұйымдастырудың деңгейі — бұның бәрі терапевттің ақпаратты жинақтауы және диагнозды қоюы үшін маңызға ие.  

Қорытайық: ойын терапиясы — бұл терапевттер сеанстар кезінде клиенттеріне (олар әрдайым балалар бола бермейді) ойнауға ерік беретін емдеу түрі. Мамандар клиенттерімен жай отырып алып, олардың проблемалары туралы сұрақтарды қоя бермейді. Ойын, стрессті бәсеңдету үшін клиент ойыншықтармен ойнайтын кездегідей бейдирективті және пациент қуыршақтар көмегі арқылы өзінің отбасы туралы әңгімелеп беруі тиіс болатын кездегідей директивті болуы мүмкін.   

Ойын терапиясының идеясы клиентке өзін жайлы сезінуге мүмкіндік беруде жатыр. Терапияның дәстүрлі сеансына қарағанда, көмек арқылы адам өзін көбірек танытуға бейім келеді.  

Ойын терапиясының техникалары мен интервенциялары

Ойын терапиясында көптеген жаттығулар бар. Олар мынандай түрлерге бөлінеді:  

◎ бейдирективті терапия;

◎ директивті терапия;

◎ қуыршақтармен және басқа ойыншықтармен ойнау;  

◎ эмоционалдық реңі бар ойындар;  

◎ эмоционалдық реңі бар суреттер;  

◎ эмоционалдық тұрғыда жеткізу үшін салынатын сурет (кескіндеме);  

◎ метафоралар мен тарихтар;  

◎ рөлдік ойындар;  

◎ шығармашылық ойындары;  

◎ елестету мен қиялдау ойындары.  

Енді олардың біразын қарастырып шығайық.  

Ойыншықтар

Доппен ойнау: топтық терапия сеансы кезінде терапевт балалардан кезектесіп допты лақтыруды өтінеді. Допты қағып алғандардың әрқайсысы өзін бақытты ететін нәрсе туралы айтып беруі тиіс.  

Барқыттан тігілген ойыншықпен ойнау: терапевт сеанс кезінде баланы тыныштандыру үшін оған барқыт ойыншықты береді.

Қуыршақтармен ойнау: терапевт балаға әсер ететін позитивтік, тәрбиелік әрекеттерді модельдеу үшін балалар қуыршағын пайдалануы мүмкін немесе баланың түйсіктері (инстинкт) қандай екенін көру үшін оған қуыршақпен ойнауға рұқсат етеді.   

Ойыншық телефон: терапевт балаға бір ойыншық телефонды береді де, біреуін өзі алады. Сосын терапияға байланысты сұрақтарын қоя бастайды. Балаға әңгімелесудің жанама әдісі арқылы ашылып сөйлеу оңайырақ болары анық. Оған бұлай сөйлесу қолайсыз болса, оның «телефон тұтқасын қоя салуына мүмкіндігі бар».   

Сыйқырлы таяқша: терапевт балаға сыйқырлы таяқшаны береді де, үш тілегін айтуын өтінеді. Әдетте, тілектерінің біреуі ол баланы қынжылтып жүрген нақты проблемамен байланысты болып шығады.

Кубиктер: терапевт кубиктерден қабырға қалап шығады да, баладан қабырғаға допты лақтыруын өтінеді. Бұның балаға көңіліндегі кернеу мен ашуын басуға көмегі тиеді.  

Метафоралар мен сторителлинг

Метафоралар: терапевт баланың алдына он шақты ойыншықты қояды да, оның отбасы мүшелеріне ұқсайтындарын таңдап алуды өтінеді. Бұның, еш сөзсіз-ақ, баланың отбасы мүшелері туралы ойы қандай екенін және нені сезінетінін біліп алуға септігі тиеді.   

Тасбақа техникасы: терапевт балаға тасбақа ойыншықты береді де, ол тасбақаның әлденеден көңілі түсіп, ренжіген кезде ол өзінің сауытына тығылып алып, көзін жұмып тұрып үш рет терең тыныстайтынын айтып түсіндіреді. Терапевт баладан осы әрекетті қайталауды өтінеді. Бұл балаға ашуды ақылға жеңдірудің қарапайым, бірақ пәрменді әдісін қолдануды үйретеді.

Эмоционалдық термометр: бала 0-ден (жымиып тұрған түр) бастап 10-ға (түнеріп тұрған түр) дейінгі диапазонды көрсететін эмоционалдық термометрді алады. Терапевт баладан өткен өміріндегі кейбір оқиғаларды айтып шығып, оның қандай эмоцияның жетегінде болғанын көрсетіп беруді өтінеді. Сұрақтар мынандай болуы мүмкін: «Қандай оқиғалар саған өзіңді мына күліп тұрған адам жүзі сияқты сезіндіреді? Қабағы салыңқы жүз ше? Орташа болса ше?».   

Сторителлинг: терапевт баладан «Баяғыда күндердің бір күні…» деп басталатын өз өмірінің хикаясын айтып беруді өтінеді. Бұл хикая баланың кейбір үрейлері мен үміт-дәмесі барын білдіруі мүмкін.   

Экстернализация: баланың проблемаларының бірін білдіретін кейіпкерді сомдау үшін бала мен терапевт бірге еңбектенеді. Мысалы, айдаһар үрейді білдіруі мүмкін. Содан соң терапевт баланың үрейі туралы төтесінен тартпай, оны айдаһарға тели отырып, проблемасы жайында сұрақтарын қояды.  

Кітап терапиясы: егер проблема түсінікті болса, терапевт сол проблеманы білдіретін кітапты немесе хикаяны табады да, оның шешімін көрсетеді. Балаға осы хикаяны оқып беріп жатып, терапевт анда-санда: «Сенің басыңнан осындай нәрсе өтіп пе еді?» деп сұрап отыруына болады.   

Рөлдік ойындар

Рөлдік ойын: бала мен терапевт проблемалы болып табылатын жағдайды ойнап шығады. Бұл, мысалы, мектептегі алғашқы күн болуы мүмкін. Бұдан кейін бала алаңдайтындай ештеңе жоқ екенін түсінеді.  

Костюм киіп ойнайтын ойын: бала патшаның немесе патшайымның рөлін сомдайды. Содан кейін терапевт баладан өзінің билігі арқылы не жасайтынын айтып беруді өтінеді. Бұл оның жасырын тілек-қалауын білдіреді.  

Беттұмша тағып ойнау: терапевт баладан журналдардан екі коллаж (беттұмша) жасауды өтінеді. Коллаждар мынандай болуы керек:  

◎ бірінші беттұмша («сыртқы») — бұл баланың жаһанды қандай етіп көретіні;  

◎ екінші беттұмша («ішкі») — бұл бала өзін қандай етіп көретіні.  

Супербатыр: терапевт баладан оның өзінде болғанын қалайтын суперқабылеттері бар супербатырдың суретін салуды өтінеді. Бұндағы мақсат баланың жақсы жақтары да пайдалы екенін түсіндіру.

Шығармашылық ойындары

Өз өміріңді бояп шық: терапевт пен бала, қандай түстер қандай сезімдердің немесе көңіл күйдің себебі болатынын анықтау үшін ынтымақтасады. Мысалы, көк түс — мұңды, қызыл түс — ашулы, сары түс — бақытты сезім үшін пайдаланылады. Осыдан кейін терапевт баладан сезімдерін білдіретін түстерді пайдалана отырып, өзінің өмірінің шкаласын салуды өтінеді. Сонымен қатар сезімдерді санаттарға бөліп тастауға болады.    

Саз-балшық ойыны: терапевт балаға бір кесек саз береді де, оны не істегісі келсе соны істеуі үшін еркіне қойып береді. Бала сазды стрессті басу үшін немесе өзі үшін маңызды немесе өзін алаңдатып жүрген нәрселерді сомдау үшін пайдалануына болады.   

Еркін сурет салу: терапевт балаға бір парақ қағаз бен қаламдар береді де, ненің суретін салғысы келіп тұрса, соны салуын өтінеді. Сосын ол сурет туралы төте сұрақтарын қояды.  

Жарақат туралы суреттер: терапевт баладан өзінің жарақатты болған тәжірибесінен бір оқиғаның суретін салуды өтінеді. Мысалы, жер сілкінісі. Осыдан кейін бала, еске түсе беретін жайтты басынан алып, лақтырып жіберуі үшін, қағаз парағын жұмарлап тастауына болады.  

Мандала: бұл буддисттік және индуисттік практикада қолданылатын схемалық бейне. Терапевт балаға әрлеп шығу керек болатын үлгіні береді. Бала бояйтын түсті өз білгенінше таңдай алады. Бұның шығармашылықтың туындауына және арқаны кеңғе салуға септігі тиеді.   

Отбасыңды бейнеле: терапевт баладан өз отбасының суретін салуды өтінеді. Бәрі дайын болған бойда одан отбасы мүшелерінің әрқайсысымен әңгімелесуін өтінуге болады. Бұл жасырын проблемаларды ашып көрсетіп береді.  

Елестету және қиялдау

Басқарылмалы бейнелеме: терапевт баладан оның түсіне қандай қорқынышты нәрселер кіріп жүргенін сұрайды. Бұндағы міндет — егер ол онша жағымды түс болмаса, қорқынышты нәрселерді өзгертуге болатынын түсіндіру. Ол үшін терапевт бақытты болып аяқталатын нәрсе ойлап табуы тиіс. Бұның бәрі бала, өзінің эмоцияларын еңсеру үшін, елестерін ырқына көндіруге болатынын түсінуге септігін тигізеді.   

«Әлем» техникасы: терапевт балаға ортасына дейін құм толтырылған жайпақ табақ пен оншақты, оның ішінде адамдар, фэнтэзилік фигуралар мен декорациялары бар ойыншық береді. Осылардың бәрінен бала өзінің «әлемін» жасап шығуына болады. «Әлем» құрылып болған соң терапевт балаға осы әлем туралы сұрақтарын қояды. Бұндағы идея бала жасаған әлемнің ол шынайы өмірге кездестіретін тақырыптардан құралатынында. Осының барлығы балаға өз қиялын басқару мүмкін екенін көрсетеді, ал ол арқылы өз эмоциясын басқара алады.

Қуыршақ үйі: терапевт балаға қуыршақ үйін және баланың отбасы мүшелерін білдіретін бірнеше қуыршақ береді. Сосын терапевт оның отбасындағы қарым-қатынастар жайында көбірек біліп алу үшін баладан өзінің шынайы үйінде болатын төрт: ұйықтап жатқан, түстеніп отырған, ойнап жүрген және үйді жинап жатқан кездегі әртүрлі күнделікті сценарийді бейнелеуді өтінеді.  

Ойынның саны көп болуы мүмкін және олардың бәрін сипаттай берудің аса мәні жоқ. Мынандай ой түйсек жеткілікті: ойын балалардың тілі болып саналатындықтан, ойын оларды не алаңдататынын білудің дәстүрлі әңгімелесу әдісінен гөрі жақсырақ тәсілі болуы мүмкін. Қысқа қайырсақ, бұдан жақсы терапевттік әдіс жоқ.   

Осы себепті, егер баланың бір қиындықтарға тап болып немесе проблемалардан тарығып жүргенін көрсеңіз, ойын терапиясы маманының қызметіне жүгініп көріңіз.

Сәттілік!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...