Эссе және өлең-жыр байқауы

Toyota тарихы: тоқыма станоктың орнын көлікке алмастыру

Басқа да автомобиль өндірісімен айналысатын фирмалар сияқты Toyota-ның да тарихы көлік құралдарын шығарудан басталған жоқ. Бұл брендтің тарихы инженер, өнертабысшы сонымен қатар бизнесмен Сакичи Тойоданың Toyoda Enterprise компаниясын құрған уақытынан, яғни 19 ғасырдан бастау алып жатыр. Дегенмен, замандастары «екінші Томас Эдисон» және «жапон өнертабысшыларының патшасы» деп атап кеткен адамды «жай ғана инженер» немесе «жай ғана өнертабысшы» деу — оны менсінбеу болмақ. 

Сакичи Тойода — Toyoda Enterprise компаниясының құрушысы, «жапон Эдисоны»

Сакичи 1867 жылы ақпанның 14 күні кедей ағаш ұстасының отбасында дүние есігін ашты. Ол кезде Жапония модернизацияның ауыртпалы дәуірін бастан өткеріп жатқан еді, ал Шизуока провинциясындағы шағын ғана кедей ауылда тұрған Сакичи ауыл тұрғындарының қиын өмірін өз көзімен көріп өсті. Былайша айтқанда анасының бейнеті көп кәсібі жас жігітті үлкен істерге, нақтырақ айтсақ — мықты конструкциялы тоқыма станогын жасап шығуға талпындырды. Кейіндері бұл құрал Тойода әулетінің қаржылық әл-ауқатын артыруға себеп болды.  

G-loom тоқыма станоктарының патент құжаттары

Сакичи өз станоктарының және басқа да қосымша тоқыма механизмдерінің құрылымын үнемі жетілдіріп отырды, ақыр соңында «жапондық Эдисонның» әзірлемелеріне сол кездегі әлемнің ең ірі тоқыма мануфактурасы — Ұлыбританиялық Platt Brother & Co фирмасы қызығушылық танытты. Ағылшындар станокқа берілген патенттік құқықты сатып алуды ұйғарады, ал Сакичи Тойоданың ұлы — Киичидо сәйкесті шарттамаға қол қою және басқа құжаттарды рәсімдеу үшін АҚШ арқылы Англияға сапар шекті.

Ал мынау сол тоқыма станогі, бұлсыз Toyota көліктері болмас па еді...

Соғыс алдындағы 1930 жылдар еді, ал Жапония индустриалдық елден гөрі әлі аграрлық ел болатын. Алайда, өр мақсатты мен пысықтығы бар Киичиро бұл жағдайды өзгертуге ден қойды. Ол да 20 ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген көптеген жастардай автомобиль десе ішкен асын жерге қоятын, сондықтан кіші Тойода дамыған елдердің автомобиль өндірісін өз көзімен көру мүмкіндігін барынша пайдаланып қалуға тырысты. Шетелді аралап қайтып келген Киичиро әулетінің дәулетін асырған тоқыма станоктарын мүлдем ойынан аластады — енді оның санасын автомобиль жаулап алды.  

Сакичи Тойоданың ұлы — Киичиро Тойода, Toyota көліктеріне бастама берген кісі.

Алғашқы қадамдар

Ең әуелі жаңа бастаманың жөнді болатынына әкесін көндіру қажет болды. Орайы келіп, Сачиди Тойода Жапония үшін жаңа бизнес саналған салда бағын сынап көруін мақұлдады. Сөйтіп, әкесінің концернінің қолдауына ие болған Киичиро жаңа шаруаға ерекше құлшынып кірісіп кетті. 

Toyota АА — Toyota-ның сериялық түрде шығарыла бастаған алғашқы жеңіл көлігі.

Бірінші Toyota-ның — А1 индексі берілген төрт есікті седанның прототипін — 1936 жылы жасап құрай бастап, жарты жылдан соң машина дайын болды. Бұрын көлік өндірісіне қатысы болмаған фирма үшін бұл өте аз мерзім. Дегенмен, бұндай жылдамдықты А1-дің көп жерін америкалық брендттерден көріп алған стандартты шешімдерден қарап жасалғанымен түсіндіруге болады. 

Шассидің конструкциясын, сондай-ақ беріліс қорабы (коробка передач) 3,4 литрлік алты цилиндрлі моторды да Chevrolet-ден көшіріп алды, ал шанақ Chrysler Airflow-дің кішірейтілген нұсқасындай көрінетін. 

Toyota-ның алғашқы жүк көлігі, 1935 жылғы G1 моделі.

Таңқаларлық ештеңе жоқ. 30-жылдар межесі бойынша ең озық аэродинамикалық седанды Киичиро ыждаһатты жапон инженерлері әр бұрандасына дейін бөлшектеп, қалай істейтінін біліп алуы үшін Штаттардан арнайы алдырған еді. Оның үстіне Airflow-дің сыртқы көрінісі заманауи болып, жапондар ештеңені өзгертпеуді ұйғарды. Кішірейтілген масштабынан басқа жалғыз өзгешелік фаралары ғана болды — америкалық машинада олар алдыңғы қанатпен біріктірілген болатын, жапондық көшірмесінде оптика бұрынғыша қанаттың үстіне орнатылды.

Toyota Motor Corporation-ның алғашқы офисы.

Құрастырылған А1 прототипінің ұзын саны үшеу ғана болып, олардың бірін тіпті будда салттарына сай бата беріп, «жолын ашты». Киичиро жаңа көлігімен алғашқы сапарын біраз уақыт бұрын қайтыс болып кеткен әкесінің бейітіне жасағанының символикалық мәні бар. Ал бір жыл өткен соң оған барабар дерлік АА моделі сериялық түрде шығарыла бастады. 

Коромо зауытындағы цехтардың фотолары мен сызбалары.

Өндіріс Коромо деп аталатын жерде салынған су жаңа зауытта басталды (бірінші «тойоталық» зауыт салынған елді мекен мен оның төңірегін қазір Toyota city деп атайды). Бастапқыда автомобильдер Toyoda деген атау беріліп сатылып жатты, бірақ ол атау Киичироның көңілінен шыға қоймады. Ол өзінің тегінен ұялған емес. Алайда, Toyoda-ны жапон тілінен сөзбе сөз тәржімаласа «шұрайлы күріш алқабы» дегенді білдіреді. Аграрлық атау брендтің жаңа өніміне сай келе қоймады да, Киичиро жаңа атауға байқау жариялады. 20 мыңнан аса ұсынысты қарап шыққан әулет бүгінгі таңда баршаға таныс Toyota нұсқасын таңдап алды — бұл атауда айқын көрініп тұрған ата тегімен сабақтастық бар, «шұрайлы алқаппен» байланыс жоқ, сондай-ақ сөздің өзі есте тез сақталып қалады және дүние жүзіндегі әр түрлі тілдерде жақсы айтылады. 

Toyota AA седандарын құрастыру цехы.

Toyota Motor Corporation ресми түрде 1937 жылғы тамыздың 28 күні — уақытша Toyoda Enterprise құрамындағы еншілес компания ретінде тіркелді. Ал фирманың алғашқы зауытындағы өндіріс сол жылы қараша айында басталды. Осы салтанатты сәтті жапон брендінің туған күні деп білсек болады.  

Фальстарт және қайтадан бастау

Дейтұрғанмен, Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Toyota-ның көлік өндірісі қанат жайып кете алмады. 1943 жылға дейін компания небәрі 1404 дана АА седанын және соның негізінде жасалған 353 дана АВ модельді кабриолетін шығарды. Бұған Toyota АА моделінің аздап өзгертілген моторы күштірек 115 дана Toyota AC седанын қосқан күннің өзінде өндіріс ауқымы көңілден шыға қоймайды.  

Америкалық Wyllis MB-тың аналогы — Toyota AK10

Бірақ, әлемдік қанды жанжал жылдарында Toyota фабрикалық қуаты негізінен әскери қажеттіліктерді өтеп отырғанын естен шығармайық — Коромодағы кәсіпорында әскери жүк көліктері мен амфибиялар, жол талғамайтын барлауға арналған жеңіл көліктер, әскери ұшақтардың компоненттері шығарылды.  

Әсркери өнімдері.

Toyota Motor Corporation жолы болып, әскери қимылдар нәтижесінде зауытқа еш нұқсан келмеді, дегенмен, компанияның 1945 жылғы күздегі жағдайы мәз емес еді. Бірақ айырылып қалуға еттері үйреніп кеткен жапондықтар мойыған жоқ. Зауыт қызметкерлері іргелес жатқан аумақтарға дәнді дақылдарды өсіруді үйреніп алды, ал әскери өнімдерді тез арада бейбіт өмір қажеттіліктеріне бейімдеді. Бір кездері Toyota Motor Corporation цехтарында ұшақтарды құрастыратын бөлшектерден қазандар мен құрал-саймандарды да жасады — міне, конверсияның жапондық нұсқасы.  

Әсркери өнімдері.

Солай бола тұра Киичиро Тойода негізгі бизнес-бағытынан, яғни өзінің автомобильдерін шығарудан айныған жоқ. Бұған қоса 1945 жылғы қазан айында-ақ, яғни Жапонияның капитуляциясынан бір ай өткен кезде, Toyota инженерлері жаңа модельдің сызбаларына кірісті.   

Соғыс жылдарынан кейінгі алғашқы Toyota — 1947 жылғы екі есікті седан SA.

Соғыстан кейінгі қиын жағдайды ескерсек, әңгіме барынша жұпыны, қарапайым және арзанқол көлік жайында болатыны түсінікті. Соғыстан кейін шыққан бірінші Toyota — 4 цилиндрлі 1 литрлік моторы бар SA екі есікті седаны — Beetle деген атпен көбірек танымал Volkswagen Type 1 моделіне сырттай қатты ұқсады. Сыртқы көрінісі ғана емес — жапон автомобилінде бірінші рет қолданылған жонарқалы рамадан да ол көлікпен туыстық байланысы көрініп тұрды. Осылай болса да, Toyopet, яғни «Тойота-балақай» деген ерке атақа ие болған Toyota SA моделін жапондардың дербес туындысы деуге болады. Бұны модельдің моторы артына орнатылмай, классикалық түрде орналасуынан-ақ білуге болады. Аз сериялы SA 1947 жылы қазанда шығарыла бастады, ал Toyopet компанияның бірнеше сериялық модельдерінің негізі болып қана қоймай, жапондар үшін автомобиль нарығының сапалы жағына шығу үшін ашылған есік болатын.  

Жылдам пойызбен жарысқан SA — жарнама акциясы.

Бұл кезге дейін, жергілікті басқа да автоөндірушілер сияқты, Toyota көлемі өте шектеулі және ақшасы аз жергілікті нарыққа иек артуға мәжбүр болып келді. Басқа амалы жоқ та еді — өткен ғасырдың 50-жылдары қарсаңында Күншығыс елінен тыс жерлерде «жапон автомобилі» деген сөз тіркесі «хоккейден Бразилия құрамасы» деген сөздей күлкілі естілетін. Дегенмен, жағдайдың жақсаруының  — әлдеқайда! жақсаруының!  — ауылы көрініп те қалған еді.

Бәрінен жоғары

Қазіргі күндері жапондық автомобильді «сапалы өнім» ұғымының синонимі ретінде қолдануға болады, бірақ әрқашан бұлай бола берген жоқ. Toyota сол кездері жаппай сапа мен өндіріс тиімділігін арттыру шараларын бастады.  

Коромода зауытты салу кезінде Киичиро Тойода көлікті құрастыруға қажетті автокомпоненттерді қоймаларға апармастан, тура конвейерге жеткізіп отыратын Just-in-Time әдісін қолдануды жоспарлаған болатын. Бірақ, 30-жылдары бұл ойлағаны іске аспады — салыстырмалы түрде аз көлемді өндіріс айрықша инновацияларды қажет етпеді. Алайда, соғыстан кейін, машина шығару көлемі артқан кезде, Just-in-Time әдістемесі қайта жаңғыртылды.  

Toyota BJ

Әлбетте, Тойода бұрын болмаған нәрсені ойлап тапқан жоқ — құрамдас бөлшектерді құрастыру орнына жеткізіп тұру 10-20-шы жылдары-ақ  Фордтың зауыттарында қолданылды. Алайда жапондар бұл қарапайым үдерісті жетілдіріп, шыңына жеткізді. Бұл ілеспе шығындарды азайту мен өндіріс тиімділігін арттыру саясатындағы алғашқы қадам ғана болатын. Келесісі брендтің тоқымалық өткен шағынан алынған қарапайым, бірақ өте ұтымды тәсіл болды.

Таичи Оно — «джидока»-ның әкесі.

50-жылдардың басында Коромадағы зауыттың автомобильдерді түпкілікті құрастырып шығу цехының басшысы Таичи Оно компанияның жүн иіру машиналарының тағы бір ерекшелігін есіне түсірді — жіп үзіліп кетсе, олар өздігінен тоқтап қалатын. Бұл ақаулы матаның көлемін едәуір азайтуға мүмкіндік беретін. Әрине, автомобиль құрастырылатын конвейер тоқыма станогы емес — ол кезде конвейер ішінара ғана автоматтандырылған болатын және қол еңбегі барынша қолданылатын. Алайда Таичи «тоқыма саласының ерекшелігін» автоөндірісте қолданудың амалын тапты. Ол ұсынған жапон тілінен аударғанда «адами жүзді автоматика» дегенге саятын jidoka қағидаты зауыттың әрбір жұмысшысының асқан жауапкершілігін білдіреді. Егер жұмысшы ақаулы детальды немесе дұрыс орнатылмаған компонентті байқап қалса, ол «андон» деп аталып кеткен арнайы бауды тартып қалып конвейерлік лентаны тоқтата алатын, тіпті ол осылай істеуге міндетті болатын. Осылайша ақау өндірістің бастапқы кезеңінде анықталып, оны жоюға уақыт және қаражат шығыны мейлінше аз кететін.

Сол жағында 60 жылдардағы конвейер — адамдары бар... Оң жағында бүгінгі  — адам жоқ, тек роботтар.

Just-in-Time жұмыс қағидатын алыңыз да, оны «джидокамен» араластырыңыз, бұған Toyota-ның айрықша белгісіне айналған фирма қызметкерлерінің өндірісті ұдайы жетілдіріп және оңтайландып отыру жөніндегі ұсыныстарын қосыңыз, сонда барып сіз бұл маркалы автомобильдердің сапасының тез арада еселеп артқанын және «жапон сапасы» сөзінің бұйымды алу үшін жеткілікті сипаттама болып кеткенін түсінесіз.

Барлық шеппен шабуылдау

Әйгілі «тойоталық» сапа жаңадан қалыптасу барысында болған кездің өзінде жапондар әлемдік автоөндіріс лидерлерін қуып жету, мүмкін болса басып озу үшін шетел нарықтарын игеру қажет екенін түсінді. Бейнелі түрде айтсақ, жапондар жүзіп үйрену үшін бақа жүрген көлшікте емес ашық теңізде үйрену керек деп ұйғарды. Батыл қадам ба? Иә. Қауіпті ме? Олсыз болмайды. Есесіне, табысқа жетсе, нәтиже де керемет болар еді...

Европа нарығына шығу дат нарығынан басталған.

1957 жылы-ақ Toyota Жапонияның автомобиль шығаратын компаниялары ішінде алғашқы болып АҚШ-да өзінің филиалын ұйымдастыруды ұйғарды. Қыркүйек айында жергілікті нарықты зерттеп білу үшін үш менеджерден құралған барлаушы топ Лос-Анджелеске ат басын тіреді.  Бары-жоғы екі ай өткенде, қазанның 31 күні Toyota Motor Sales компаниясы құрылды. Экпортқа алғашқы болып Crown седаны мен Land Cruiser BJ жол талғамайтын көлігі ұсынылды.

Нидерландыдағы алғашқы сату орталықтарының бірі.

Жапон көліктеріне америкалықтардың ынтасы ауа қалды деуге болмайды. Мүлдем керісінше болды. Алғашқы толық сатылым жылының қорытындысы бойынша барлығы 288 машина сатылды. Жапониялық автомобильдер дизайнымен де, динамикасымен де, абырой-мәртебесімен де америкалықтардың көңілінен шыға қойған жоқ. Оның үстіне америкалықтардың көпшілігінің ойында Күншығыс елі әлі де Екінші дүниежүзілік соғысты бастаған агрессор болатын. Ең қызықтысы сол, Toyota 50-жылдардың соңындағы нарық трендтеріне сай болуға тырысып көрген де жоқ, керісінше, әккі аңшыдай бұғынып жатып, өзінің қолайлы сәтін күтті.

Сөйтіп жүріп, сол сәтіне де жетті…  

Жалғыз түрде шыққан Toyota 2000 GT мен Джеймс Бонд рөлін сомдаған Шон Коннери

Әуелі Шттаттарда еш ойламаған тұстан нарықта өте қолапайсыз әрі жанармайды сіміре беретін мастодонт-автомобильдер үстемдік құрған Детройттық барокко дәуірі аяқталды. Осылай сенімді және күй талғамайтын Toyota-лар алғашқы мүмкіндікке ие болды. Алайда нағыз серпіліс 70-жылдары, жанармай дағдарысы АҚШ-ғы автомобильдік құндылықтар шкаласын күрт өзгертіп жіберген кезде орын алды. Көліктің үнемділігі, сенімділігі және арзан бағасы тұтынушы үшін бірінші орынға шықты да, Детройт зауыттары жаңа трендке икемделе алмай жатқанда, сатып алушылар Toyota-ның баяғыдан бері үнемді, қымбат емес, ең бастысы — өте сенімді модельдерді ұсынып келе жатқанын біліп, таң қалысты.  

HiLux-тың алғашқы буыны.

1966 жылдың өзінде-ақ жаңа Corona седаны америка нарығында жылына 10 мың данадан артық сатылған бірінші модель болды. Ал 1972 жылға қарай брендтің Америкадағы жалпы сатылымы миллиондық межеге  жетті, тағы үш жыл өткенде Toyota Америкадағы ең көп сатылатын импорттық брендтер ішінде Volkswagen-ді ығыстырып, бірінші орынға шықты.  

Жапондарды енді тоқтату мүмкін болмады. Осыдан кейінгі Европаға, Оңтүстік Америкаға, Австралияға, кейіндеп посткеңестік елдерге жасалған экспансия, жаңа құрастыру кәсіпорындары, су жаңа люкс бренд Lexus-тың пайда болуы — осының бәрі қосылып келіп Toyota 2010 жылы жеңіп алған әлемнің ең ірі автоөндірушісі атағын алды. Осы күнге дейін де бірталай мәртебелерге ие болды.

Жапон брендінің тарихы қыруар еңбек, сан алуан тәжірибе мен зерттеуге толы, соның арқысында нанғысыз жетістікке ие болып отыр.

Енді Toyota ертең-бірсүгүндері қандай белестерді бағындыратынын елесте беріңіз. 

Оқуға кеңес береміз:

Тұңғыш автомобильдің тарихы

Әр түрлі жылдары шығарылған таңғажайып автомобильдер (фото, видео)

Lamborghini 350GT

Byton — Tesla-ның Қытайдағы бәсекелесі

Бір ғана данамен шығарылған 15 автокөлік

Балық аулауға деген қызығушылық HARLEY-DAVIDSON компаниясын құруға себеп болған

Honda маркасының тарихы

Аязды күндері көлік иелеріне қажет болатын 16 айла-тәсіл

Жүргізушісіз автомобильдер: болашақ па әлде осы кез бе?

Пилотсыз авто және жасанды интеллектілі көліктер: келешегіміздің көрінісі қандай?

«Мәңгі» кузовы бар болашақ суперкар

Көлігіңіздің радиаторын безендіріп тұрған белгі нені білдіреді?

«Hummer» автомобиль маркасының тарихы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Қаржау

Мықты тұлғалар, әлемге ықпалдары қайтыс болса да жүріп жатыр. Халқына да пайдасы бар

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...